Ирландия «Евровидение-2026» байқауын көрсетуден және оған қатысудан ресми түрде бас тартты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, 2026 жылғы «Евровидение-2026» байқауы басталмай жатып, шара Еуропадағы мәдени-саяси даулардың біріне айналды.
Соңғы уақытта «Евровидение-2026» халықаралық ән байқауының айналасында саяси шиеленіс өршіп келеді.
Ирландияның RTÉ телекомпаниясы Израильдің байқауға қатысуына байланысты жарияланған бойкоттар толқынына қосылып, алдағы іс-шараны көрсетпейтінін ресми түрде мәлімдеді.
Осылайша, Ирландия Испания мен Словениядан кейін байқауға қатысудан ғана емес, оны өз көрермендеріне трансляциялаудан да бас тартқан үшінші мемлекет болды. Бұл шешім сахнада Израиль өкілінің болуына наразылық ретінде қабылданған.
Бұл жағдай Ирландия қоғамында үлкен резонанс тудырды. Себебі соңғы екі жылда ирландиялық көрермендердің таңдауы мүлдем өзгеше болған. Көрермендер дауыс беру қорытындысы бойынша Израиль өкілдеріне тұрақты түрде жоғары ұпай 10 баллдан беріп келген. Бұл телекөрермендердің пікірі мен ұлттық хабар таратушы басшылығының ұстанымы арасындағы айтарлықтай алшақтықты көрсетті.
Қазіргі уақытта Израильдің қатысуына қарсы шыққан елдер шартты түрде екі топқа бөлінді.
Бірқатар мемлекет байқаудан бас тарту мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Израильді қолдайтын топтар да бар. Олар өнер мен саясатты араластырмау керек деп есептейді.
«Евровидение-2026» байқауы Израиль мемлекеті үшін халықаралық аренадағы жұмсақ күш құралы ретінде стратегиялық маңызға ие. Жаһандық аудитория алдында өнер көрсету елдің мәдени әлеуетін паш етіп, оң имиджін нығайтуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, бірқатар еуропалық елдер тарапынан көрсетіліп жатқан бойкот талаптары Израиль үшін жай ғана музыкалық сайыстан шеттетілу емес, елеулі дипломатиялық соққы болып табылады. Мәдени деңгейдегі оқшаулау әрекеттері елдің халықаралық деңгейдегі беделіне нұқсан келтіріп, сыртқы саяси ұстанымдарының әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін деп болжануда.
Саяси қысымға қарамастан, Израиль байқауға дайындығын жалғастыруда. Венада өтетін «Евровидение-2026» додасында Израиль намысын Ноам Батен «Мишель» (Michelle) әнімен қорғайтын болады.



















