Ирландия халқы Израиль күштерінің Газа секторына жасаған аяусыз және қатыгез шабуылдарына қарсы наразылық шеруіне шықты.
Еуразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, «Ирландия Палестинамен ынтымақтастықта» деп аталатын топ наразылық шеруін Дублиннің «Естелік бағынан» Ирландия парламенті ғимаратының алдына дейін ұйымдастырды.
Наразылық білдірушілер Газа секторымен және Палестина халқымен ынтымақтастық белгісі ретінде Израиль режимінің Палестинаға жасаған шабуылдарын тоқтатуға шақырды.
Шеруге қатысушы белсенділердің бірі наразылық шеруі палестиналық балаларды қолдауға арналғанын айтып: «Біз Газа секторындағы геноцид салдарынан 17 мыңнан астам палестиналық баланың қаза тапқанын және бұл соғыста басқаларға қарағанда балалар көбірек зардап шеккенін білеміз»,- деді. Ол сөзінің жалғасында статистикаға сүйеніп, бұл қатыгез шабуылдардан күн сайын орта есеппен 70 бала қаза табатынына тоқталып: «Палестиналық балалар үйлерінен және отбасыларынан айырылды. Олар шабуыл салдарынан түрлі ауыр жарақат алып, дәрі-дәрмексіз және ауруханасыз емделуге мәжбүр», — деді.
Наразылар қолдарына Палестина мен Ирландияның туларын көтеріп: «Израиль елшісін қуу керек» және «Геноцидті тоқтатыңдар» деген ұрандар жазылған плакаттар ұстап шықты.
Ирландия Премьер-министрі Саймон Харрис тамыз айының соңында Газа секторында соңғы 11 айда 40 мыңнан астам адамның қаза табуын бүкіл әлем үшін ұят деп атады.
Ирландия — Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындаған ел.
Сионистік режим 2023 жылдың қазан айының 7 бері бері Газа секторына қарсы жойқын соғысты жалғастырып келеді. Шабуыл салдарынан Газа секторындағы үйлер мен инфрақұрылымның 70 пайызы қирап, қатты нұқсан келді. Газада бұрын-соңды болмаған ауыр гуманитарлық дағдарыс орнады. Осы қылмыстардың барлығына қарамастан, Израиль шамамен 11 айға созылған соғыста ХАМАС қозғалысын жою және сионистік тұтқындарды Газа секторынан қайтару мақсаттарына жете алмады.



















