Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясында Иран-Израиль текетіресін тез арада шешу және Газа секторындағы атысты тоқтату қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша 2025 жылғы 21-22 маусымда Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы өтті.
Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысты. Аталған сессия «Өзгермелі әлемдегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы» ұранымен өтті.
Кездесуге қатысушылар Ислам әлеміндегі ағымдағы әскери-саяси жағдайға қатысты кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде қазіргі дағдарыстар мен қақтығыстарды реттеу шараларын талқылады. Иран-Израиль текетіресті тез арада шешу және Газа секторындағы атысты тоқтату қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ұйымның халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салып, Қазақстанның осы процеске өз үлесін қосуға дайын екенін айтты. Сондай-ақ Ұйымды одан әрі реформалау, қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, мұсылман азшылықтарының жағдайы, исламофобиямен күрес мәселелері талқыланды.

















