Израиль армиясының Газа секторындағы әл-Вафа ауруханасына жасаған соққысынан алдын ала мәлімет бойынша 7 адам қаза тапты.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, шабуыл салдарынан жарақат алғандар бар.
Палестина ақпарат құралдарының хабарлауынша, сионистік режимнің жауынгерлері Газа орталығындағы әл-Вафа ауруханасының жоғарғы қабатына оқ жаудырған.
Алдын ала мәлімет бойынша медициналық мекемеге жасалған шабуыл салдарынан, 7 адам қаза тапты. Сондай-ақ, бірнеше адам жарақат алған, олардың кейбірінің жағдайы ауыр.
Палестиналық ХАМАС қозғалысы мәлімдеме жасап, әл-Вафа ауруханасына жасалған шабуылды әскери қылмыс деп атады.
ХАМАС мәлімдемесінде: “Халықаралық қауымдастық шара қолданып, БҰҰ бақылаушыларын жіберіп, ауруханаларды қорғауды қамтамасыз етуі керек.
Біз он бес айға созылған бұрын-соңды болмаған қылмыстарға, соның ішінде геноцидке, барлық азаматтық нысандардың, әсіресе ауруханалардың жүйелі түрде жойылуына, олардың өртенуіне және дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдарға қатысты халықаралық үнсіздікті айыптаймыз”, — деп жазылған.



















