Иран әскерилері Ашдод пен Хайфадағы Израильдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Ислам революциясы Сақшылар корпусы мәлімдеді. Мәлімдемеде: «Сионистік режимнің ең ірі мұнай өңдеу кешендері болып табылатын Хайфа мен Ашдодтағы мұнай өңдеу зауыттарына жоғары дәлдікті зымырандармен шабуыл жасалды», -деп жазылған.
Ислам революциясы Сақшылар корпусы осылайша Вашингтон мен Тель-Авивке қарсы ауқымды операция аясында жасалған шабуылдардың 65-ші толқыны басталғанын мәлімдеді.
Ислам революциясы Сақшылар корпусының мәліметінше, Израиль аумағындағы мұнай инфрақұрылымынан басқа әскери нысандарға да шабуыл жасалған.
Хайфа мен Ашдодтағы мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар туралы ақпарат расталса, бұл Израильдің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне елеулі салдар әкелуі мүмкін. Бұл екі кешен елді мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Олардың жұмысының тіпті уақытша тоқтап қалуы жанармай тапшылығы мен бағаның күрт өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал. Сонымен қатар, энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуыл шиеленістің жаңа кезеңін білдіріп, қақтығысты әскери текетірестен экономикалық соғыс деңгейіне ауыстырады.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға қарсы әскери операция бастап, Иранның ірі қалалары, соның ішінде Тегеран қаласына шабуыл жасады. Ислам революциясы Сақшылар корпусы Израильдегі нысандар мен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларына шабуыл жасап, кең ауқымды қарымта операциясын жариялады.


















