АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасағаннан кейін Тегеранның мемлекеттік құрылымы күйрейді деп күтіп, қателесті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, 20 наурыз күні Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы аятолла Моджтаба Хаменеи мәлімдеді.
Моджтаба Хаменеи: «Жау қателесіп, есептен жаңылды. Олар бір-екі күннен кейін халық исламдық құрылымды құлатқысы келеді деп ойлап, жаңылды»,-деді.
Хаменеи бір жыл ішінде Иранның үш ірі сын-қатерге, атап айтқанда 2025 жылдың маусым айындағы Израиль және АҚШ-пен болған әскери қақтығысқа, 2026 жылдың қаңтар айындағы жаппай наразылық шаралары мен қазіргі уақытта жүріп жатқан ұрыс қимылдарына тап болғанын айтты.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға қарсы әскери операция бастап, Иранның ірі қалаларына, соның ішінде Тегеран қаласына шабуыл жасады. Иран Израильдегі нысандар мен Америка Құрама Штаттарының Таяу Шығыстағы әскери базаларына шабуыл жасап, кең ауқымды қарымта операциясын жариялады.


















