Израиль үкіметі Қатардың Al Jazeera және Ливанның Al Mayadeen телеарналарының ел аумағындағы қызметіне қатысты шектеу шараларын күшейтті.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Израильдің Байланыс министрі Шломо Кархи Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Министр Кархи : “Бүгіннен бастап Израильде Al Jazeera мен Al Mayadeen телеарналарының интернет сайттары, теледидар арқылы және YouTube платформасындағы көрсетілімдері бұғатталады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен үкімет жексенбі күні Al Jazeera мен Al Mayadeen телеарналарын бұғаттау туралы жарлықты мақұлдады”, -деп хабарлады.
Кархи спутниктік хабар таратуды бұғаттау туралы шешім қорғаныс министрінің құзыретінде қалатынын атап айтты.
Haaretz басылымының хабарлауынша, бұл шешім Израильде 90 күн бойы күшінде болады. Осы мерзімнен кейін бұл шешім қайта ұзартылуы керек.
Басылымның мәліметінше, бұл шаралар екі жылдан астам уақыт бұрын күшіне енген “Al Jazeera туралы заң” деп аталатын заң аясында енгізілген шектеулерді кеңейтеді. Аталған заң Израиль аумағында екі телеарнаның хабар таратуына тыйым салады.
Сонымен қатар, Израиль парламенті Кнессет өткен айда елдің Байланыс министріне төтенше жағдай жарияланбаған жағдайда да шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын жабуға құқық беретін түзетуді мақұлдағаны туралы мәлімдеді.



















