Израиль наурыздың 10 күні ХАМАС қозғалысымен келіссөздерді ілгерілету үшін Қатар астанасы Дохаға делегация жібереді.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Telegram арнасында Израиль премьер-министрі кеңсесінің кеңесшісі Дмитрий Гендельман мәлімдеді.
Израиль делегациясы бүгін, 10 наурызда ХАМАС қозғалысымен Газа секторында атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келіссөздерді жандандыру мақсатында Қатарға аттанады.
ХАМАС пен Израиль арасындағы келісімнің бірінші кезеңі аяқталды. Бірақ, тараптар Газа секторындағы атысты тоқтату бойынша келіссөздің екінші кезеңін бастауға әлі келісе алмады.
Израиль арағайын елдер, әсіресе АҚШ-тың шақыруын қабылдап, Дохаға делегация жіберу туралы шешім қабылдады.
Мәлімдемеде: “Израиль АҚШ қолдайтын делдал елдердің шақыруын қабылдап, келіссөздерде ілгерілеушілікке қол жеткізу мақсатында дүйсенбі күні Дохаға делегация жібереді”, -деп жазылған.
Израильдің KAN телеарнасының мәліметінше, АҚШ ХАМАС-қа 60 күндік атысты тоқтатудың орнына израильдік 10 тұтқынды босатуды ұсынған. Бұл туралы келіссөздер Израильдің араласуынсыз Қатар мен Мысырдың арағайындығымен АҚШ пен ХАМАС арасында жүргізілуде.



















