Таяу Шығыстағы соғысқа бір айдан асты. Әлемнің ірі державаларының дипломатиялық талпыныстары әзірге нәтижесін берген жоқ. Оның үстіне Израиль мен Хамас арасындағы соғыс аймақтық қақтығысқа ұласып кету қаупі сейілмей отыр.
Израиль-Хамас қақтығысының бітімге келер түрі бар ма? Бұл жөнінде сарапшылар пікірі қандай?
Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Анатолий Матвийчук пікірінше, Хамас Газа секторынан кеткен жағдайда барлық кепілге алынғандар босатылуы мүмкін.
«Менің ойымша, Израиль ХАМАС-ты жібергісі келмейді, бірақ қазір көп нәрсені шешіп жатқан АҚШ мұны қалайды», — дейді сарапшы.
Сонымен қатар, әскери сарапшы Анатолий Матвийчук Газа секторында Израиль армиясы қолданған ақ фосфорлы оқ-дәрілер барлық тіршілік иелерін өлтіретін құрал екендігін де атап өтті.
Анатолий Матвийчук Палестина-Израиль қақтығысы кезінде ХАМАС содырлары ресейлік қару қолданғанын айтады.
«Менің ойымша, Палестина-Израиль қақтығысы кезінде қолданылған қарулар арасында ресейлік қару бар, бірақ олардың саны шамалы. ХАМАС-та «Фагот» немесе «Корнет» сияқты танкке қарсы басқарылатын зымырандар болуы да мүмкін», — дейді Ресей полковнигі.
Израиль билігі Хамас толығымен жойылмайынша және кепілге алынған барлық азамат азат етілмейінше, әскери операция тоқтамайтынын ашық айтты.
Ал палестиналықтар Иордан өзенінің Батыс жағалауында және Газа секторында өз мемлекетін құрып, Шығыс Иерусалимді астанасы еткісі келеді. Ал Израиль бұл шарттан бас тартып отыр.
Кей сарапшы-мамандар бұл қақтығыстың әлі ұзаққа созылатынын айтса, енді бірі қазіргі ахуал көпке бармайтынын айтып отыр.
Жалпы 75 жылдан астам уақыт бойы келісімге келе алмай жатқан екі мемлекет арасы неліктен дәл қазір шиеленісіп кетті? Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, қазіргі кезде бұл олардың артында тұрған күштерге тиімді болып тұр.
Оның айтуынша, Палестина мәселесінде Араб әлемінен бір қолдаушы күш табылуы мүмкін.
«Жағдай мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Палестина мәселесінде Араб әлемінен бір қолдаушы күш табылуы ықтимал. Мысыр не Сауд Арабиясы сияқты. Өйткені қазір Мысыр Израильге «Газадан арабтарды Мысырға қарай қумаңыз, оларға керісінше гуманитарлық көмек берейік, сөйтіп олардың жағдайын жеңілдетейік» деп отыр. Бұл дегеніміз – Мысыр мемлекеті қаттырақ сөйлей бастады деген сөз. Өйткені Египетке бұл үлкен қауіп, өз елінде 100 млн халық тұрады, екіншіден, олармен бірге Египеттің шекарасына кейбір экстремист-радикал топтар кіріп кетуі мүмкін»,-деді сарапшы.
Сондай-ақ ол бұл жерде екі мемлекет те діни және ұлтшыл риториканы азайтуы қажет екенін, сол кезде ғана бейбітшілік орнайтынын атап өтті.
Жанболат Момынқұловтың айтуынша, Израильге қазіргі операциясы тиімді болып көрінуі мүмкін, алайда Иран сияқты басқа да күштер араласып, жағдай күрделенетін болса, сол кезде Израиль Палестина мәселесін шешуге қадам жасауы ықтимал.
«Себебі Израильге Газа мәселесін басқа тарапқа, яғни Иранға не басқа да үлкен күштерге беріп қою тиімсіз. Сондықтан да оның шешілуіне өзі де мүдделі болуы ықтимал. Бұл алыс перспективада болуы мүмкін, ал қазір Израильді басқарып отырғандар бұған жол бермейді»,-деп түсіндірді сарапшы.
Ал саясаттанушы Ислам Кураев Таяу Шығыстағы оқиғаларды және олардың қалай дамитынын болжау қиын екенін атап өтті.
Тель-Авивтің Газадағы әскери шабуылын сынға алған бірқатар ел – Израильдегі елшілерін қайтарып, дипломатиялық қатынасты үзетінін мәлімдеді. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриештің «50 жылдан астам әділетсіздік көріп келген Палестина халқы» туралы сөзі Тель-Авивтің наразылығын тудырып, Израильдің БҰҰ-дағы Елшісі Гутерриештің отставкаға кетуін талап етті.
Әлемдік БАҚ-та бұл шабуыл Израиль барлау қызметі үшін күтпеген жағдай болғаны туралы жазылды. Алайда кей сарапшылар оның мүмкін емесін айтып отыр. ХАМАС шабуылына жауап ретінде Тель-Авив Газа секторында лаңкестікке қарсы «Темір қылыш» операциясын бастады. Ал 8 қазанда Израиль үкіметі елдің соғыс жағдайына өткенін хабарлады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, соғыс басталғалы бері Израиль армиясының қоршауында қалған Газа секторында шабуыл салдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 10 022 адамға, жараланғандар саны 25 мыңға жетті. Соғыс аймағында қаза болған журналистер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерінің саны артып жатыр. БҰҰ Газада гуманитарлық миссия атқарып жүрген 70-тен астам қызметкерінің қаза болғанын мәлімдеді.
Әскери шабуыл басталғалы Газадан 1 миллион 400 мың адам оңтүстікке көшуге мәжбүр болды. Осы аймаққа қажетті ауыз судың тек 5 проценті ғана қамтылған. Соның салдарынан шетінеген балалар саны артуда деп, БҰҰ дабыл қағып жатыр.
Жалпы, Таяу Шығыстағы оқиғаның енді қалай дамитыны аймақтағы әрі халықаралық күштердің де іс-әрекетіне байланысты болмақ.


















