Тель-Авивтің Аялон көшесінде кеше, қаңтардың 13 сенбі күні мыңдаған израильдік наразылық білдіріп, ел премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың отставкаға кетуін және жаңадан сайлау өткізуді талап етті.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, наразылар Нетаньяху үкіметін Газа секторында Хамас кепілге алғандарды үйлеріне қайтару үшін жеткілікті әрекет жасамады деп айыптап, тұтқындарды айырбастау келісіміне дереу қол қоюды және Газадан израильдік тұтқындарды қайтаруды талап етті.
Al-Jazeera агенттігі де израильдік тұтқындарға тілектестік білдіру үшін көшеге шыққан шерушілер алғаш рет Тель-Авивтің басты көшелерінің бірін жауып тастағанын хабарлады.
Сонымен қатар Израильдің басқа қалаларында да адамдар Нетаньяхуға қарсылық білдіріп, көшелерге шықты. Жағалаудағы Хайфа мен Кесария қалаларында наразылық білдірушілердің саны 1000-ға жуық адам деп есептелді.
Mehr Al-Arabiya ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Израильдің бұрынғы премьер-министрі және осы режим кабинетінің оппозициялық фракциясының басшысы Яир Лапид те Беньямин Нетаньяхудың Газа соғысын басқаруын сынап, қоғам мен қауіпсіздік органының сенімінен айырылғанын айтып, оның биліктен кетуін талап етті.
Айта кетейік, наразылық шерулері Газа секторындағы соғыстың басталуына 100 күн толу қарсаңында өтті.
Еске салайық, 2023 жылғы 7 қазанда Хамас Газа секторы арқылы Израильге әуе мен жер және теңізден шабуыл ашып, оны «Әл- Ақса тасқыны» деп атады. Израиль қорғаныс күштері де жауап ретінде «Темір қылыштар» әскери операциясын жариялап, Газаға әуеден соққы беріп, аймаққа құрлықтан шабуыл бастады. Осылайша Газа секторында жағдай ушығып кетті.
Нетаньяхудың беделі аталмыш қырғыннан кейін қатты төмендеді. Израильдіктер оны елдің қауіпсіздік күштерін мұндай шабуылға дұрыс дайындай алмады деп айыптауда.
Хамастың бақылауындағы денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметінше, Израильдің Газадан Хамасты жою науқаны кезінде 24 000-ға жуық палестиналық қаза тапты.



















