Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гилад Эрдан БҰҰ ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштен Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты қызметінен кетуді сұрады.
Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Балаларды, әйелдерді және қарттарды жаппай өлтіру науқанын түсінбейтін БҰҰ Бас хатшысы БҰҰ-ны басқаруға лайық емес. Мен оны дереу отставкаға кетуге шақырамын», — деп жазды Эрдан.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Израиль өкілінің мұндай қатаң реакциясына Гутерриштің «ХАМАС шабуылы вакуумда болған жоқ» деген мәлімдемесі себеп болды, деп жазады Times of Israel.
«Палестина халқы 56 жыл бойы тұншықтырған оккупацияны бастан өткерді. Олар өз жерін қоныстанушылардың тұрақты түрде басып алғанын көрді, зорлық-зомбылыққа ұшырады: экономикасы тұншықтырылды, халқы жер аударылып, үйлері қирады. Олардың қиын жағдайды саяси жолмен шешуге деген үміттері сөніп барады», деді БҰҰ Бас хатшысы.
Гилад Эрданның айтуынша, Гутерриштің Палестина-Израиль жанжалына қатысты ұстанымы әлемдік ұйымды басқаруға мүмкіндік бермейді.



















