Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани Тегеранның әділ әрі ақылға қонымды келіссөздерге әрдайым дайын екенін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Әли Лариджани «Тегеран келіссөз жүргізуден бас тартып отыр» деген айыптаулар шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның айтуынша, Иран әрдайым ұлттық мүдделерді қамтамасыз ететін ақылға қонымды және әділ келіссөздерге дайын.
Лариджани Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен кездесуінде: “Иран келіссөздерден бас тартып отыр деген ақпарат жалған. Егер Иранның мүдделерін ескеретін ақылға қонымды және әділ ұсыныс жасалса, біз оны қабылдауға дайынбыз”, -деді.
Лариджани Snapback механизміне тоқталып, Тегеранның мәселені диалог арқылы шешу үшін барлық мүмкін жолдарды қарастырғанын, алайда, Батыс елдері шектен тыс талаптар қойып, келіссөздерге кедергі келтіріп отырғанын баса айтты.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі хатшысының айтуынша, Франция Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры арқылы ұсыныс жасап, егер Иран Агенттікпен келісімге келсе Париж Snapback талабынан бас тартуға дайын екенін жеткізген.
Лариджани: “Біз бұл ұсынысты қабылдадық. Иран Сыртқы істер министрі Мысырда келісімге қол қойды. Алайда қарсы тарап өз уәдесін орындамады”, — деді.
Сонымен қатар, Лариджани ядролық келісімнен бірінші болып Америка Құрама Штаттарының шыққанын, одан кейін Еуропа елдерінің де өз міндеттемелерін орындамағанын, кейін тіпті әскери шабуылдарға да барғанын еске салды.
Лариджани Иранның ешқашан келіссөздерден қашпағанын, диалог кезінде әскери қысымға ұшыраса да келіссөздерге бейілді болғанын айтып: “Егер Иранның ұлттық мүдделеріне кепілдік беретін ұсыныс жасалса, біз оны қабылдаймыз. Біз өзіміздің ұлттық қауіпсіздік пен мүдделерімізді табанды түрде қорғаймыз”,- деп cөзін түйіндеді.

















