Ливан СІМ мәлімдемесінде атысты тоқтатуға кепіл елдер мен халықаралық тараптарды сионистік режимді Ливаннан дереу кетуге мәжбүрлеуге шақырды.
Еуразия Тудейдің Ливанның ресми ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Ливан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, басып алынған ауылдарына оралмақ болған ливандық бейбіт тұрғындарға жасаған Израильдің шабуылын айыптады.
Ливан Сыртқы істер министрлігі бейбіт тұрғындардың келісімде көрсетілген мерзімде үйлеріне оралғанын, алайда екінші тараптың келісім шарттарын орындаудан, соның ішінде басып алынған аумақтардан шығудан бас тартқанын мәлімдеді.
Ливан Сыртқы істер министрлігі делдал елдер мен атысты тоқтату кепілгерлерін, сондай-ақ халықаралық тараптарды Израиль әскерилерінің ливандық бейбіт тұрғындарға жасаған шабуылдарын айыптауға, сионистік режимнің өз міндеттемелерін орындатуға және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1701 қарарына сәйкес Ливан қарулы күштерінің елінің оңтүстігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басып алынған Ливан аумақтарынан Израиль әскерлерінің дереу және сөзсіз кетіруге қысым жасауға шақырды.
Айта кетейік, сионистік режим мен Ливан арасындағы атысты тоқтату келісімі сәрсенбі, 28 қараша күні таңертең халықаралық арағайын елдер арқылы күшіне енді.
Осы келісім жүзеге асырылғалы сионистік режим әскерлері Ливанның оңтүстік аймақтарына шабуыл жасап, азаматтарын өлтіріп, жаралап, ливандық босқындардың елдің оңтүстігіндегі кейбір қалалар мен ауылдарға оралуына жол бермеу арқылы атысты тоқтату режимін бірнеше рет бұзды.
Бүгін, 27 қаңтар күні бұқаралық ақпарат құралдары Ливан халқы мен армиясының сионистік режимнің басқыншы күштерінің қарсылығына қарамастан әл-Адиса аймағына кіргенін хабарлады.
Әл-Адиса аймағының тұрғындары аймаққа кіргеннен кейін сионистік армияның қарсылығына қарамастан, Ливан армиясы да Ливанның оңтүстігіндегі аймаққа кірді.
Ливан армиясының хабарлауынша, сионистік режим армиясының ливандық бейбіт тұрғындар мен әскерлеріне жасаған шабуылынан Захира аймағында бір ливандық сарбаз қаза тауып, Мейс-эль-Джебал аймағында тағы бір сарбаз жараланды.
Ливан мен сионистік режим арасындағы атысты тоқтату келісіміне сәйкес, бүгін Ливаннан Израиль әскерлерін толығымен шығару үшін белгіленген 60 күндік мерзім аяқталды.
Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарының елінің оңтүстігіндегі тұрғын аудандарына оралуы кезінде сионистік режим шабуылдарынан үш адамның қаза тауып, 44 адамның жараланғанын хабарлады.



















