Иран Президенті Ибраһим Раисиді жерлеу рәсіміне Қазақстан атынан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысады.
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Еуразия Тудей агенттігі.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан атынан Иран Президенті Ибраһим Раисиді жерлеу рәсіміне қатысу үшін Иранға аттанды.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні Иран Президентінің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Сонымен қатар Тоқаев Иран Ислам Республикасының Астанадағы елшілігінде болып, Ибраһим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің тікұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты бауырлас Иран халқына көңіл айтып, қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы Иран Ислам Республикасының елшілігінде Көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Иран Президенті Ибраһим Раиси, Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһиан және басқа да шенеуніктер мінген тікұшақ 19 мамырда Иранның солтүстік-батысында Верзеған ауданында апатқа ұшырады.
20 мамырда таңертең Иран вице-президенті Мохсен Мансури Ибраһим Раиси мен оның жанында болған ресми тұлғалардың тікұшақ апатынан қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.
Иранда бес күндік жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Иранның әртүрлі қалаларында Президент Ибраһим Раисимен қоштасу рәсімі өтіп жатыр және жерлеу рәсімі ертең бейсенбі күні, 23 мамырда Мешһед қаласында өтеді.


















