Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтарды Мажарстанмен тамыры бір ағайын жұрт деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Мажарстан президенті Тамаш Шуйокпен өткізген баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Қазақстан Президенті: “Біз – тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа Одағындағы тұңғыш мемлекет. Қазақстан егемен ел ретіндегі алғашқы елшілігін Будапешт қаласында ашқан болатын. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапарымның қорытындылары – осының айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін. Осы оң үрдіске Мажарстан Президентінің қосқан елеулі үлесін өте жоғары бағалаймын. Сондықтан бүгін жоғары Мәртебелі Президент Тамаш Шуйокты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау мен үшін үлкен мәртебе болды», – деді.
Айта кетейік, былтыр екі елдің алыс-берісі 200 миллион доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Мажарстан соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 385 миллион доллардан астам инвестиция салды.













