Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановқа елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 15 маусымда Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады.
Мемлекет басшысына Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шаралар, ведомствоның автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы мәлімет берілді.
Президентке әскери басқару органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етуге және әскерлердің жауынгерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әзірлік барысы баяндалды.
Министр Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын, сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесіне халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілгенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге, армияны цифрлық тұрғыдан трансформациялауға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.

















