Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолияның Қазақстанмен екіжақты байланыстың барлық бағытын нығайтуға бейіл екенін растады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ұлан-Батырда шағын құрамда жүргізген келіссөзде мәлімдеді.
Ухнаагийн Хурэлсух бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Моңғолия Президенті: «Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды», – деді.
Мазмұнды әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту перспективасына айрықша мән берді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанды Моңғолияның маңызды серіктесі, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ұлан-Батыр Қазақстанның экономикалық даму тәжірибесіне ден қойып отыр. Сонымен қатар сауда, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты жобаларды тиімді жүзеге асыруға айрықша мән береді. Атап айтқанда, Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдады.
Кездесу соңында Моңғолия Президенті Мемлекет басшысына 60 мыңнан астам сөз енген Қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.

















