Нагасаки қаласының мэрі Сиро Судзуки Израильдің атомдық бомбалау құрбандарын аза тұту рәсіміне шақырылмағанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Kyodo News агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Нагасаки қаласының билігі жағдайды жан-жақты талқылағаннан кейін 9 тамыз күні өтетін атом бомбасының құрбандарын еске алу рәсіміне Израиль өкілдерін шақырмау туралы шешім қабылдады.
Нагасаки мэрі Израиль билігіне Газа секторында атысты тоқтату және атомдық бомбалау құрбандарын аза тұту рәсіміне шақырылмағаны туралы хат жолдады.
Сиро Судзуки бұл шешімнің саясатқа еш қатысы жоқтығын айтты.
Израильдің Жапониядағы Елшісі Гилад Коэн Нагасаки әкімшілігінің бұл шешіміне реакция білдіріп, оны «өкінішті әрекет» деп атады.
Керісінше, Хиросима Израильді жыл сайынғы 6 тамыздағы рәсіміне шақырды. Алайда бұл шешім жапондықтар арасында дау туғызды. Олар Израильді биыл рәсімге шақырылған елдер тізімінен шығару керек деп мәлімдеді.
1945 жылдың 6 тамызында АҚШ Хиросима қаласына бірінші атом бомбасын тастады. Салдарынан 140 мыңдай адаи қаза тапты. Ал, 9 тамыз күні АҚШ Нагасаки қаласына екінші атом бомбасын тастады. Салдарынан тағы 80 мың жапон көз жұмды.



















