Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды жерлеу рәсімі 1 наурызда өтеді.
Бұл туралы деректі Алексей Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш жариялады.
«Ведомости» басылымының хабарлауы бойынша, Ярмыш Алексей Навальныйдың 1 наурыз күні Борисов зиратында жерленетінін жазған.
Алексей Навальныйды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі жұма күні Мәскеудегі Марьина ауданындағы «Утоли мои печали» Құдай ана иконасы шіркеуінде өтеді.
Навальныйдың мәйітін анасы Людмила Навальная 24 ақпанда алған.
Еске сала кетсек, 16 ақпан күні Навальныйдың өлімі жайлы Ямало-Ненец автономиялық округінің федералды жазаны орындау қызметі басқармасы мәлімдеді.
Мәліметтерге қарағанда, Алексей Навальный серуеннен кейін өзін нашар сезініп, бірден есінен танып қалған. Артынша, оның өліміне тромбы үзіліп кетуі себеп болғаны айтылды.
Алексей Навальныйдың жақтастары оны өлтірді деп санайды.












