Өзбекстан мен Иран мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Өзбекстан мен Иран өкілдері Тегерандағы Саадабад мәдени-тарихи кешенінде өткен келіссөз барысында ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау, туризм бағыттарын дамыту және қолөнер саласындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөзге Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бахромжон Алоев пен Иранның Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейед Реза Салехи Амири қатысып, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды. Келіссөзде екі ел азаматтары арасындағы тікелей байланысты дамытуға ерекше мән беріліп, туризм жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құрып, екі елдің тарихи қалалары мен ортақ өркениеттік мұрасын қамтитын көпкүндік туристік бағыттарды әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ, Иран тарапы екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтудің маңызына тоқталды.
Бұған дейін Иран бірлескен мәдени фестивальдер ұйымдастырып, археологиялық зерттеулер жүргізуді және тарихи нысандарды қалпына келтіру жобаларын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Сонымен қатар, тараптар келіссөз барысында халықтық қолөнер мен медициналық туризм мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Иран Ташкент пен Тегеранда қолөнер көрмелерін ұйымдастырып, екі ел шеберлері арасында тікелей ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді. Иран делегациясы бүгінде қолөнер саласында 600 мыңнан астам шебер жұмыс істейтінін және 2028 жылға қарай осы сектор өнімдерінің экспортын 500 миллион еуроға жеткізу жоспарланып отырғанын баса айтты.
Тегеранда өткен бұл келіссөз тараптардың бұған дейінгі атқарған жұмыстарының жалғасы болды. Атап айтқанда, 2025 жылы екі ел туризм саласындағы ынтымақтастық туралы кешенді меморандум әзірлеу, бірлескен техникалық комитет құру, сондай-ақ әуе компаниялары мен туристік операторлар арасындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын. Енді Өзбекстан мен Иран қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобалармен толықтыруды көздеп отыр. Осылайша, мәдениет пен туризм екі ел арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтумен қатар, өзара ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды тетігіне айналмақ.
Айта кетейік, Иран мен Өзбекстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген бірқатар ортақ номинацияларды бірлесіп дамытады. Олардың қатарында Наурыз мейрамы, рубаб аспабында дәстүрлі музыканы орындау өнері, көркемдеп өрнектеу өнері және миниатюра өнері бар.


















