Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Словения Республикасының Президенті Наташа Пирк Мусардың шақыруымен Люблянаға ресми сапармен келді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Өзбекстанның Мемлекет басшысын Словения Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Таня Фажон және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.
Өзбекстан басшысы сапар бағдарламасына сәйкес Словения Республикасының Президенті Наташа Пирк Мусармен келіссөз жүргізеді. Осы ел Парламенті және Үкіметінің басшылығымен кездеседі, сондай-ақ бірлескен бизнес-форумға қатысады.
Келіссөздер барысында өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп, фармацевтика, электротехника, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық жобаларын іске асыру, сондай-ақ еңбек көші-қоны саласындағы өзара іс-қимыл және гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелері қарастырылады.















