Өзбекстан Республикасының Үкіметі зілзаладан зардап шеккен Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек жіберді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша 2025 жылдың 6 қыркүйегінде Балх облысының Хайратан қаласында елдің шығысындағы Кунар және Нангархар провинцияларында, сондай-ақ Лағман, Нуристан және Панджсхирдің жекелеген аудандарында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты Өзбекстан Республикасы Үкіметінің Ауғанстан халқына жіберген гуманитарлық көмегін тапсыру рәсімі өтті.
Дәрі-дәрмек пен азық-түлік өнімдерінен тұратын жалпы салмағы 265 тоннаға жуық тиелім14 жүк көлігімен Хайратанға жеткізілді.
Ауғанстан тарапынан қабылдаған жауапты тұлғалар Өзбекстанның көмегін тек дәрі-дәрмек пен азық-түлік емес, ынтымақ пен адамгершіліктің көрінісі, ең қиын күндердің өзінде қасында қолдау көрсетуге дайын дос пен көршінің бар екенін көрсететін белгі деп атады.
Шараға Өзбекстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі мен Сурхандария облысының әкімі де қатысты.
Тасымалдау қорытындысы бойынша тараптар гуманитарлық көмекті мақсатты жеткізу мен әділ бөлудің практикалық тетіктері туралы келісті.
















