Аштархан губернаторы Игорь Бабушкин Иран Ислам Республикасын сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде сипаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Аштархан губернаторы Иран Ислам Республикасының жаңа Бас консулы Ахмад Хейдарианмен кездесуінде мәлімдеді.
Губернатор кездесуде ирандық дипломатты жаңа қызметіне кірісуімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
Бабушкин Аштархан мен Иран арасындағы сауда көлемі ұлғайып, Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі аясындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамып келе жатқанына тоқталып: “Біз Аштархан облысы мен Иран Ислам Республикасы арасында қалыптасқан тату көршілік қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар көп қырлы ынтымақтастығымызды одан әрі арттыруға бар күш-жігерімізді саламыз”, — деді.
Бабушкинның айтуынша, Аштархан облысында Иран капиталының қатысуымен 70-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ол Аштархан порттары арқылы жүк айналымы 37 пайызға артып, жылына 6 миллион тоннаға жеткенін атап айтты.
Өткен жылдың соңында Аштархан облысы мен Иран өзара сауда саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Тауар айналымы 50 пайызға өсті.
Ахмад Хейдариан Аштархан облысымен ынтымақтастықты дамытуды Иранның Аштархандағы Бас консулы ретіндегі қызметінің маңызды бағыты деп санайтынын айтып, Игорь Бабушкинге Ресей мен Иран қарым-қатынасы саласындағы жемісті жұмысы үшін алғыс айтты.


















