Тегеранның Ормұз бұғазын ұлттандыру жоспары аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, стратегиялық су жолдарына бақылауды күшейтуді көздейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Мәжілісі президиумының өкілі Аббас Гударзи мәлімдеді.
Гударзи: «Мұнай ұлттандырылған кезде тарих сол кезеңдегі бұл шешімнің маңыздылығына өз бағасын берді. Бүгінде біз Ормұз бұғазын ұлттандырғымыз келеді», -деді.
Аббас Гударзидің бұл мәлімдемесі 1951 жылғы оқиғаларға негізделген. Осы кезде ел Премьер-министрі Мохаммад Мосаддықтың бастамасымен Иранда мұнай саласы ұлттандырылған болатын. Сол уақытта ел билігі мұнай-газ секторына мемлекеттік бақылау орнатты.
Иран 1 маусым күні Израильдің Ливандағы әрекеттеріне байланысты Америка Құрама Штаттарымен келіссөзді тоқтатты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Израильдің Ливандағы қылмыстарын жалғастыруына және барлық майданда бітімгершілікті бұзуына байланысты Иранның келіссөздер тобы делдалдар арқылы Вашингтонмен мәтін алмасуды тоқтатады.
Иран Израиль Ливандағы әскери операциясын тоқтатып, өз әскерін осы елдің аумағынан шығармайынша, Тегеран Вашингтонмен келіссөзді бастамайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Иран Израиль мен оның одақтастарының Ливанға қатысты әрекеттеріне жауап қайтару мақсатында Ормұз бұғазын толық жабуға және Баб-әл-Мандеб бұғазындағы белсенділікті арттыруға дайын екенін мәлімдеді.


















