Орталық Азия мен АҚШ елдерінің бизнес өкілдері Алматы қаласында өтетін B5+1 форумына жиналады деп жоспарлануда.
Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг барысында мәлімдеді.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше форум Алматы қаласында 13-15 наурыз аралығында өтеді.
Іс-шара 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен Орталық Азия және АҚШ мемлекет басшыларының саммитінде ұсынылған B5+1 платформасының ресми іске қосылуы болады.
Айбек Смадияров В5+1 бастамасы үкіметтер мен бизнес саласында белсенді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Смадияровтың айтуынша, В5+1 — Орталық Азия өңіріндегі маңызды экономикалық мәселелердің шешу жолын талқылауға арналған алаң.
Айта кетейік, В5+1 бизнес-платформасын құру туралы келісімге 2023 жылғы қыркүйек айында Орталық Азия мен АҚШ елдерінің басшылары Нью-Йоркте өткен С5+1 форматындағы саммитте қол жеткізді.
Саммитте «B5+1» форматындағы алғашқы отырыс Алматы қаласында 2024 жылы өтетіні белгілі болды.


















