Орталық Азия елдерінің басшылары Ибраһим Раиси және онымен бірге тікұшақта болған үкімет делегациясы мүшелерінің қазасына байланысты өз елдеріндегі Иран елшіліктерінде болды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тәжікстан, Түркіменстан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің басшылары Эмомали Рахмон, Сердар Бердімұхамедов, Қасым-Жомарт Тоқаев, Садыр Жапаров және Шавкат Мирзиеев бұған дейін Иран Президенті Ибраһим Раисидің қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айту жеделхаттарын жолдаған болатын.
Ибраһим Раиси мен үкімет делегациясы мүшелерінің қазасына байланысты Орталық Азия елдеріндегі Иран Ислам Республикасының елшіліктерінде Көңіл айту кітабы қойылды.
Шавкат Мирзиеев дипломатиялық өкілдікте ашылған Көңіл айту кітабына шын жүректен көңіл айтып, жұбату сөздерін қалдырды.
Президент Ибраһим Раисиді, Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһианды және оның делегациясын еске алу мақсатында Тәжікстандағы Иран елшілігінде мемориалдық бөлме ашылды.
Душанбе қаласындағы Иран елшілігіне Сауд Арабиясы, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Палестина, Пәкістан және басқа да елдердің елшілері мен өкілдері және басқа да шенеуніктер келіп, қолдау көрсетті.
Иран Президенті Ибраһим Раисидің қазасына байланысты жалпыұлттық бес күндік аза тұту жарияланды. Осыған байланысты Тәжікстандағы Иранның елшілігінде Иран туы түсірілді.
Көрнекті тәжік ақыны оқиғаның ауыр соққы болғанын айтып «Иранның батыл және шыдамды халқы бұл сынаққа өзінің батылдығы мен даналығымен шыдап, бұрынғыдан да жоғары мұраттарына қарай бірігіп, ілгерілей беретініне күмән жоқ», деді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы Иран Ислам Республикасының елшілігінде Көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Түрікмен халқының Ұлттық көшбасшысы, Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Иранның Ашхабадтағы елшілігінде болып, Көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Сонымен қатар Иранның Бішкектегі елшілігінде Иран Президенті Сейед Ибраһим Раисидің, Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһианның және олармен бірге болған делегация мүшелерінің қазасына байланысты Көңіл айту кітабы ашылды.
Еске сала кетейік, бұл күндері Иранның әртүрлі қалаларында Президент Ибраһим Раисимен қоштасу рәсімі өтіп жатыр және жерлеу рәсімі бейсенбі күні, 23 мамырда Иранның солтүстік-шығысындағы Мешһед қаласында өтеді.



















