Орталық Азия елдері 6 қараша күні Вашингтон қаласында өтетін “С5+1” саммитіне қатысады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, шара “С5+1” форматының 10 жылдығына арналған. Аталмыш формат АҚШ пен Орталық Азияның бес елі — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды біріктіреді.
АҚШ астанасында алғаш рет өтетін саммит президенттік деңгейде ұйымдастырылатын екінші кездесу болмақ.
Президент Дональд Трамп барлық бес елдің президенттеріне шақырту жіберген және бес елдің басшылары саммитке қатысатындарын растады. Бұл кездесу Трамптың жуырда Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен өткізген келіссөздерінен кейін өтеді.
Аймақтық және халықаралық БАҚ-да аталмыш саммитке қатысты көптеген талдау материалдары жарық көруде. Онда экономикалық серпілістерге үміт, серіктестікті нығайтуға деген сенім, сондай-ақ геосаяси қысым мен адам құқықтарына қатысты күмән қатар айтылады.
Саммит символдық диалогтардан нақты ынтымақтастыққа көшу мүмкіндігі ретінде, әсіресе маңызды пайдалы қазбалар, энергетикалық қауіпсіздік және инфрақұрылымдық даму салаларына қатысты қарастырылып отыр.
Times of Central Asia басылымы “С5+1” келісімінің нақты экономикалық және стратегиялық құрылымға айнала алатынын немесе жай ғана дипломатиялық рәсім ретінде қалатынын анықтайтын сәт болатынын жазды.
The Diplomat басылымының пікірінше, Орталық Азияның Еуропамен байланысы нығайып, Ресей мен Қытайға тәуелділігі азайған жағдайда, саммит АҚШ-қа Еуразиядағы беделін арттырып, өмірлік маңызды ресурстарға қол жеткізу және тұрақты серіктестік орнату мүмкіндігін береді.
News Central Asia (nCa) агенттігі оптимистік көзқарас білдіріп: “Трамп пен Си Цзиньпиннің жуырдағы тарифтер мен сирек кездесетін металдар туралы келіссөзінде Ресей мәселесі көтерілмегенін ескерсек, Вашингтондағы кездесу Орталық Азия елдерін Мәскеу немесе Бейжіңмен байланысын үзуге мәжбүрлеу алаңына айналмай, керісінше өңірдің көпвекторлы дипломатиясын және бейтарап ұстанымын құрметтейтін инклюзивті тәсілді насихаттауы мүмкін. Бұл жаһандық ынтымақтастыққа бетбұрыстың белгісі болар еді”, — деп жазды.
Atlantic Council талдау орталығы АҚШ пен Орталық Азияның сирек кездесетін элементтер, инвестициялар және жаһандық нарықтармен байланыс орнату салаларындағы мүдделерінің тоғысуына назар аударады. Орталық президенттер деңгейіндегі кездесуді Вашингтонның аймаққа қайта көңіл бөлуінің дәлелі ретінде сипаттайды.
Өзбекстанның Gazeta.uz басылымы Президент Шавкат Мирзиеевтің Трамптан ресми шақыру алғанын хабарлап, саммитті экономикалық ынтымақтастықты тереңдету алаңы ретінде сипаттады.
Vesti.kg агенттігінің сарапшысы Марс Сариевтің пікірінше, саммит АҚШ-ның “Трамп жолы” немесе Оңтүстік Кавказдағы Зангезур дәлізі сияқты бастамаларымен байланысты болуы мүмкін.
Түрікменстанның TDH агенттігі Президент Сердар Бердімұхамедовтің Ақ үйге шақырылғанын хабарлап, мұны АҚШ пен Орталық Азия арасындағы байланысты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.
Алайда, жалпы оң көзқарастармен қатар, кейбір басылымдар күмән де білдіруде.
Pravda USA агенттігі АҚШ-ның жасырын геосаяси мақсаттарына алаңдаушылық танытып, саммиттің Ресейді оқшаулау және Қытайдың ықпалына қарсы әрекет ету стратегияларымен сәйкес келетінін жазды.
Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының алдағы саммитті суреттеуінше, аймақ саммитке прагматикалық оптимизммен қарайды. Егер Пусанда басталған қадам жалғасын тапса, Вашингтондағы келіссөз АҚШ пен Орталық Азия арасындағы жаңа дәуірдің бастамасы болып, өзара құрмет үйлесім тапқан кезеңге айналуы ықтимал.

















