“Орталық Азия-Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастығы кеңесінің” екінші саммиті белгісіз мерзімге шегерілді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, “Орталық Азия-Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастығы кеңесінің” екінші саммиті 5 мамырда Самарқанд қаласында өтуі тиіс болған.
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шара тараптардың өзара келісімі бойынша кейінге шегерілді.
Қазіргі уақытта тараптар өзара кеңесулер негізінде жаңа мерзімді белгілеу бойынша жұмыс істеуде.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев төрағалық етуі тиіс болған “Орталық Азия-Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастығы кеңесінің” екінші саммитіне Парсы шығанағындағы алты араб елі, атап айтқанда Сауд Арабиясы Корольдігі, БАӘ, Кувейт, Бахрейн, Оман, Қатар, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшыларының қатысуы жоспарланған болатын.
“Орталық Азия-Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастығы кеңесінің” бірінші саммиті 2023 жылдың шілде айында Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласында өтті.




















