Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы aлдағы апталарда Орталық Азияда бірқатар әскери жаттығу өткізеді.
Еуразия Тудейдің РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, РФ СІМ ТМД елдері бойынша бірінші департаментінің директоры Микаэл Агасандян алдағы уақытта ҰҚШҰ Орталық Азияда аймақтағы тұрақтылықты қорғау мақсатында бірқатар оқу-жаттығу өткізетінін мәлімдеді.
Агасандян: «Алдағы апталарда Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағында Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты, ұжымдық қауіпсіздікті, атап айтқанда, Ауғанстандағы жағдайды ескере отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтауға арналған оқу-жаттығуларды өткізу жоспарлануда», — деді. Микаэл Агасандянның айтуы бойынша, бүгінде Ресей ҰҚШҰ-ның әлеуетін дамытуға күш салуда. Бұған дейін ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов наурыз айында «Ұлттық қорғаныс» журналына берген сұхбатында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы биыл бірқатар оқу-жаттығу өткізетінін айтқан болатын.
ҰҚШҰ-на Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.



















