Пәкістан Қорғаныс министрі Хваджа Мұхаммед Асиф Израиль соғыстың қайта басталғанын және АҚШ-тың бұл қақтығысқа өз жағында қосылғанын қалайтынын, дегенмен оның ойынша соғыс болмайтынын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, бүгін, сейсенбі күні Пәкістанның Қорғаныс министрі Хваджа Мұхаммед Асиф Иранмен арадағы соғыстың қайта өршу ықтималдығы төмен екенін мәлімдеді. Ол өз болжамына Америка халқының Таяу Шығыстағы жаңа соғысқа тікелей араласуға қарсылығын негізгі себеп ретінде атады.
Ол: «Израиль соғыстың қайта тұтанғанын және АҚШ-тың оның жағында соғысқа кіріскенін жан-тәнімен қалап отыр», — деді.
Америка қоғамының соғысқа қарсы ұстанымына тоқталған министр: «Мен дипломатия саласының маманы емеспін, бірақ ішкі түйсігім бұл соғыстың қайталанбайтынын сездіреді», — деді.
Пәкістан Қорғаныс министрі сондай-ақ Америка халқының аймақтағы жаңа соғысқа қарсылығын алға тартып: «Соғыс тек халық қолдаған кезде ғана болады. Ал бұқаралық пікір қолдамаса, ешқандай соғыс тұтанбайды», — деп баса айтты.
Пәкістан қақтығыс басталғаннан бері арағайындық рөл атқарып келеді. Бұл соғыс биыл 28 ақпанда АҚШ пен сионистік режимнің Тегеранға жасаған бірлескен шабуылынан кейін басталған болатын. Аталған шабуылға Иран қарымта жауап қайтарып, әлемдегі ең маңызды энергия дәліздерінің бірі әрі жаһандық мұнай мен газ тасымалының шамамен бестен бір бөлігі өтетін Ормұз бұғазын бұғаттады.












