Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі ертең, сәрсенбі, 22 сәуір күні таңертең Пәкістанда өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи 20 сәуір күні кешке Америка Құрама Штаттарымен келіссөз жүргізу үшін делегация жіберуді мақұлдады.
Пәкістан, Мысыр және Түркия елдерінің араағайындық етуі Тегеранның келіссөздер үстеліне қайта оралуына түрткі болды.
CNN мәліметінше, екі мемлекет арасындағы өткір риторикаға байланысты кездесулер кестесі әлі түпкілікті бекітілмеген.
Ақ үй кездесудің нақты күнін ресми түрде растай алмайтынын, алайда АҚШ делегациясын бүгін таңертең Пәкістанға ұшып шыққан вице-президент Джей Ди Вэнс бастап баратынын мәлімдеді.
Иран тарапын Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибаф басқарады.
Al-Hadath телеарнасының хабарлауынша, Иран мен Америка Құрама Штаттары делегациялары келіссөзге қатысу үшін Исламабадқа бүгін, сейсенбі күні бір мезгілде келеді.
Айта кетейік, Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келіссөздің алғашқы кезеңі сенбі, 11 сәуір күні Пәкістанның делдалдығымен өтті.
Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибаф бастап барған Иран делегациясының құрамында Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи, Қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Акбар Ахмадиан, Ұлттық банк төрағасы Әбдолнасер Хеммати болды.
Америка Құрама Штаттары тарапынан делегацияны вице-президент Джей Ди Вэнс бастап барды. Келіссөзге АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысқан болатын.
Америка Құрама Штаттары мен Иран арасындағы Пәкістан астанасында өткен келіссөздің алғашқы кезеңі ядролық бағдарлама мен соғысты тоқтату шарттары сияқты негізгі мәселелер бойынша нақты келісімге қол жеткізілмей аяқталды.


















