Бразиялиялық экономист Паулу Ногейра Батиста жаңа қаржылық жүйе қалыптасып, доллар дәуірінің аяқталып келе жатқанын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, доллар жүйесі және халықаралық валюта қорымен ұзақ жыл айналысқан кіші Паулу Ногейра Батиста долларға қатысты пікір білдірді.
Ол осы мәселеге қатысты ойын ашық білдіріп: “Батыстың қаржы жүйесі енді тұрақсыз. Ал әлем долларға тәуелді емес балама жүйені жылдам қарқынмен құруда”, -деді.
БРИКС Даму банкінің негізін қалаушылардың бірі Батиста жобаның мәніне тоқталып: “Біз бұл институттарды Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкке тәуелділікті азайту үшін құрдық”,-деп түсіндірді.
Оның айтуынша, Америка Құрама Штаттары доллардың артықшылығын жылдар бойы асыра пайдаланып келді. Қазір олар соның салдарын тартып отыр. Себебі, жүйе ыдырап барады.
Батиста БРИКС елдері Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның бақылауынан тыс жұмыс істейтін тетіктерді қалыптастырып жатқанын баса айтып: “Егер Америка бейімделмесе, құлдырауға бет алады. Әлем онсыз да дамуын жалғастыра береді. Әлем кімге дамуға болады, кімді жазалау керек, кім санкциялар тізімінде қалуы тиіс деп доллар шешетін жүйеден біртіндеп шығып келеді”, -деді.


















