Иран Президенті Масуд Пезешкиан елінің бейбіт мақсаттағы атом энергиясынан ешбір жағдайда бас тартпайтынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Президент Пезешкиан қоқан-лоққылар мен санкциялар бұл жолда Иранды тоқтата алмайтынын баса айтты.
Масуд Пезешкиан: “Еліміз көп жылдар бойы санкцияға ұшырап келеді. Біз дамуымызды жалғастырамыз”, — деді.
Масуд Пезешкиан кеше, 18 мамыр, жексенбі күні “Тегеран диалогы” форумының отырысына қатысушыларға ілтипат білдіріп: “Біз бәріміз бір-біріміздің құқықтарымызды құрметтеуге міндеттіміз.
Қақтығыстар мен келіспеушіліктер адам құқықтары еленбеген жағдайда орын алады. Бүгінде сионистік режим мен оның жақтастары жазықсыз адамдардың жері мен үйлеріне басып кіріп, қорғансыз адамдарды өлтіріп, құқықсыздық жағдайын орнатты.
Митчелл Келлер өзінің “Шексіз соғыс” кітабында Американың елдердің ресурстарын тонап, өз экономикасын әлемге таңу үшін әлемде шексіз соғыс бастағанын айтады. Әрине, әлем халықтары өз елдеріндегі ресурстардың талан-таражға салынуына келіспейді. Америка да өз мүдделерінен оңай бас тартпайды, сондықтан шексіз соғыс жалғасады”,-деді.
Президент Пезешкиан Ядролық қаруды таратпау туралы шарт аясында бейбіт мақсаттағы ядролық технологиялар мен зерттеулерді денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқа да өмірлік маңызды салаларды қоса алғанда, әртүрлі мақсатта пайдалануға құқығы бар екенін айтып: “Біздің діни сеніміміз адамзатты жойып жіберетін ядролық қару жасауға жол бермейді. Басқалардың Иранның ядролық қару жасауға бет бұрып жатқанын алға тартқан әрекеттері негізсіз және соғысқұмар ұстанымдағы мәлімдеменің қайталануы ғана”, — деді.


















