Иран Президенті Масуд Пезешкиан халықтың талап-тілегіне құлақ асуды басқаруының басты қағидасы деп атады.
Еуразия Тудейдің Иран Президенті әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Масуд Пезешкиан бұл туралы кеше, жексенбі күні, 2026 жылдың 4 қаңтарында Министрлер кабинетінің 142-ші отырысында мәлімдеді
Президент отырыс барысында министрлер мен атқарушы органдардың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және елдегі қазіргі жағдайды басқару бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары мен күш-жігеріне алғыс айтты.
Ол шешім қабылдау процестеріне жауапты барлық тараптың қатысуы мен салааралық ықпалдастықтың маңыздылығына тоқталып: «Қоғамдағы кез келген мәселе немесе олқылық — біздің іс-әрекетіміздің тікелей нәтижесі. Сондықтан шешім қабылдау кезінде осы мәселеге қатысы бар барлық тарап пен орындаушылардың пікірі және қатысуы жан-жақты қамтамасыз етілуі тиіс», — деп мәлімдеді.
Масуд Пезешкиан мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыстың тұрақты, ашық және шынайы болуы қажеттігіне баса назар аударды. Ол қоғамды уақытылы ақпараттандыру мен ашықтықты қамтамасыз ету әлеуметтік наразылықтар мен шиеленістердің алдын алуда шешуші рөл атқаратынын атап айтты.
Жексенбі күні өткен Үкімет отырысында Президент министрлер мен атқарушы құрылымдардың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы жұмыстарын бағалай отырып, кез келген шешім қабылдау процесіне барлық жауапты тараптар мен мамандарды тартудың маңыздылығына тоқталды.
Президенттің пікірінше, қоғамдағы кез келген кемшілік немесе олқылық тікелей атқарылған іс-әрекеттердің нәтижесі болып табылады. Сондықтан шешім қабылданғанда оның барлық өлшемі мен салдары ескерілуі тиіс.
Сонымен қатар, ол халықпен қарым-қатынаста мейірімділік пен жауапкершілік танытуды тапсырып, қоғаммен тілдесуде құрмет пен төзімділік таныту қажеттігін айтты. Ішкі істер министрлігіне бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң қадағалау жүктелді. Пезешкиан күштеу әдістері мен қате тәсілдердің қоғамды тыныштандыра алмайтынын, керісінше, адамдардың мұң-мұқтажына құлақ түру мен оларды иландыру ғана әлеуметтік қысымды азайтатынын қадап айтты.
Президенті экономикалық мәселелерге тоқталғанда Үкіметтің халық алдындағы берешектері мен міндеттемелерін уақытылы орындауын талап етті. Ол азаматтардың заңды құқықтарын қорғау мен олардың алдындағы төлемдерді кешіктірмеуді қоғамдық сенімді сақтаудың кепілі деп атады. Осы орайда, Жоғарғы Көшбасшының халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қолдауға арналған жобаларға қажет қаржы бөлуге келісім бергені де белгілі болды.
Сондай-ақ, Президент облыс әкімдеріне жергілікті белсенділермен, зиялы қауыммен және беделді тұлғалармен тұрақты кездесулер өткізуді тапсырды.
Білім және ғылым саласына қатысты сөзінде Пезешкиан университеттердегі еркін пікірталас мәдениетін дамыту қажеттігін баса айтты. Ол оқытушылардың студенттермен ашық сұхбат жүргізуі маңызды екенін, сондай-ақ адал әрі жанашыр сыншыларды шеттетпей, керісінше, әділ сынды басқару ісіндегі құнды капитал ретінде қабылдау керектігін айтты. Үкіметтің негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік жүгін жеңілдету және тауар жеткізу тізбегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып қала беретінін мәлімдеді.
Отырыс барысында халықаралық және технологиялық жетістіктер де назардан тыс қалған жоқ. Сыртқы істер министрі Венесуэладағы жағдай мен ондағы Иран елшілігінің тұрақты жұмысы туралы баяндаса, Байланыс министрлігі Иранның ғарыш саласындағы айтарлықтай табыстарын жариялады. Солардың қатарында жекеменшік сектордың алғашқы жерсерігін ұшыру, бір мезгілде үш жерсерігін орбитаға шығару және ауыр жүкті көтеретін зымырандарды сәтті сынау сияқты жетістіктер бар. Бұл Иранды ғарыш аппаратын өзі жасап, өз базасынан ұшыра алатын әлемдегі санаулы елдердің қатарына қосты.
Соңында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік мекемелері елдегі соңғы оқиғалар бойынша есеп беріп, 2026 жылға арналған бюджет жобасының Парламентте қаралу барысы талқыланды.













