Иран Президенті Масуд Пезешкиан Израильдің ХАМАС ұйымының жетекшісі Исмаил Ханияны өлтіруде үлкен қателік жібергенін атап, Иранның сионистік режимнің бұл әрекетіне жауап беретінін баса айтты.
Еуразия Тудейдің Fars news агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Масуд Пезешкиан бұл туралы кеше, жексенбі күні Тегеранға сапармен келген Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман ас-Сафадимен кездесуінде айтты. Пезешкиан: «Иран Ислам Республикасының құрметті қонағын өлтіру барлық халықаралық заңға қайшы келетін әрекет және бұл Израильдің жіберген үлкен қателігі болды», — деді. Сондай-ақ, Пезешкиан кездесу барысында дипломатиялық делегациялардың Иран мен Иордания арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру туралы келіссөздері ертерек аяқталып, екі ислам елі өздерінің әлеуеті мен мүмкіндіктерін, сондай-ақ достық пен сындарлы ынтымақтастықты пайдалана алады деген үміт білдірді.
Иордания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Айман ас-Сафади өз кезегінде Иордания Ислам Республикасымен қарым-қатынасты қалпына келтіруге және аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға күш салатынын айтып, өз елінің Королі атынан Иран президентіне жылы лебіздерін, құттықтаулары мен сәттілік тілектерін жеткізді. Айман ас-Сафади Иордания сионистік режимнің Газаға қарсы қатыгез агрессиясын қақтығыс орын алған кезден бастап қатаң айыптағанын атап өтті. Айта кетейік, кеше, 4 тамызда Иорданияның вице-премьері және сыртқы істер министрі Айман ас-Сафади Тегеранға ресми сапармен келді.



















