Иран Президенті Масуд Пезешкиан Израильдің Иранға қарсы кез келген әрекетіне елінің қатаң жауап беретінін баса айтты.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Масуд Пезешкиан Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС саммиті аясында Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед Алимен кездесуінде мәлімдеді.
Иран Президенті Пезешкиан Абий Ахмед Алимен кездесуде екіжақты және аймақтық маңызды мәселелерді талқылап, аймақтық және халықаралық механизмдерді түзетудегі БРИКС-тің маңыздылығына тоқталды.
Пезешкиан: «Мен президенттік сайлау алаңына ел ішіндегі қоғамдық бірлік пен келісімге қол жеткізу, сондай-ақ, әлеммен қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында шығып, халықтың қолдауына ие болдым.
Израиль режимі менің ресми қызметімнің алғашқы күнінен бастап Ислам Республикасының ресми қонағы болған Исмаил Ханияны өлтіру арқылы біздің мақсаттарымыздың жүзеге асуына кедергі жасады»,-деді.
Иран Президенті Газа секторында атыстың тоқтауын күткен елінің Израильдің лаңкестік шабуылына жауап ретінде ұстамдылық танытқанын айтты. Президент сөзінің жалғасында Израильдің Газа секторындағы қылмыстарының жалғасуы мен оның Ливанға таралуы Иранды бұл әрекеттерге жауап беруге мәжбүр еткенін баса айтты.
Пезешкиан Батыс елдерінің қолдауын Израиль қылмыстарының жалғасуына ықпал етуші фактор деп атап: «Егер Израиль қызыл сызықтан өтіп, Иран Ислам Республикасына қарсы әрекет жасаса, ол кесімді және тосын жауап алады.
Біз аймақтағы қақтығыстар мен шиеленістердің кеңеюін қаламаймыз. Біз бейбітшілік пен тыныштық үшін кез келген әрекетті құптаймыз. Бірақ Израильдің әрекеті бүкіл аймақты өртеуге бағытталған. Сондықтан басқа елдер, әсіресе Батыс елдері осы агрессивті режимді бақылауы керек», -деп қуаттады.




















