Иран Президенті Масуд Пезешкиан АҚШ пен оның одақтасы Израильдің Тегеранның ядролық бағдарламасын тоқтату әрекетін бос үміт пен қиял деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Катардың “Әл-Жазира” телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Президент Пезешкиан сұхбат барысында елінде уран байыту үдерісі халықаралық құқық аясында болашақта да жалғасатынын айтты.
Масуд Пезешкиан АҚШ Президенті Дональд Трамптың “Америка Иранның ядролық бағдарламасына ауыр соққы берді” деген мәлімдемесіне тоқталып: “Біздің ядролық бағдарламамызды өз қызметін тоқтатты деп айту — қиял. Біздің ядролық әлеуетіміз нысандарда емес, ғалымдарымыздың ақылында. Біз ядролық қаруға қатысты мәлімдемелерді үзілді-кесілді теріске шығарамыз”, — деді.
Сондай-ақ, Пезешкиан сөзінің жалғасында Иранның уранды бейбіт жолмен байыту құқығынан айырмайтын келіссөзге дайын екенін растап: “Болашақта орын алатын кез келген келіссөз өзара тиімділік принципіне негізделуі керек”,- деді.
Сонымен қатар, Иран Президенті елінің Израильдің Тегеранның ядролық бағдарламасына қарсы бағытталған кез келген жаңа басқыншылық әрекетіне қарымта жауап беруге дайын екенін баса айтты.
Ол: “Біз Израильдің кез келген әскери соққысына толық дайынбыз. Иран басып алынған аумақтарға қайтадан соққы беруге дайын”, — деді.
Пезешкиан сионистік режимнің Иран шабуылдарынан келтірілген шығын көлемін жасыруға тырысып жатқанына тоқталып: “Израильдің 12 күннен кейін атысты тоқтатуды сұрауы көп нәрсені білдіреді”, — деді.

















