Иран Президенті Масуд Пезешкиан Сирия Үкіметіне қарсы соғысып жатқан лаңкестік топтарды жеңу үшін ислам елдеріне бірлік пен тұтастық қажет екенін баса айтты.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Президент Масуд Пезешкиан Ирак Премьер-министрі Мұхаммед Шиа әл-Суданимен телефон арқылы сұхбатта айтты.
Тараптар сұхбатта Батыс Азия аймағындағы, соның ішінде Сирия Үкіметі қарулы күштерінің өткен сәрсенбіде ел солтүстігіне шабуыл жасаған лаңкестік топтармен соғысын талқылады.
Президент Пезешкиан аймақ елдерінің, соның ішінде Сирияның аумақтық тұтастығын қорғау Иранның аймаққа қатысты стратегияларының бірі екенін баса айтты. Сонымен қатар, Президент Иран аумақтық қауіпсіздікті қорғау үшін Сирияда жалғасып жатқан лаңкестік әрекеттерге қарсы ынтымақтасуға дайын екенін айтып, лаңкестерді жеңуде Сирияға көмектесу үшін ислам елдерінің бірлігі мен тұтастығы қажет екенін қуаттады.
Иран Президентінің айтуынша, Сириядағы оқиғалардың Ливандағы атысты тоқтату келісімінен кейін аймақ салыстырмалы түрде бейбітшілікке бет алып, барлық назар Газа секторындағы оқиғаларға бұрылған сәтте орын алуы алаңдаушылық тудырады.
Пезешкиан ислам елдерін осындай лаңкестік әрекеттердің таралуын болдырмау үшін бірлесіп әрекет етуге шақырып: «Мұндай оқиғалар сионистік режимнің ислам елдерінде тұрақсыздық, келіспеушіліктер мен қақтығыстарды таратудың зұлым жоспарларының бір бөлігі болып табылады», – деді.
Ирак Премьер-министрі жуырдағы лаңкестік шабуылдарын Израиль режимінің Сирияның қауіпсіздігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру әрекеті деп баса айтты.



















