Иран Президенті Масуд Пезешкиан Ислам революциясын заманауи тарихтағы ең ұлы оқиғалардың бірі деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Масуд Пезешкиан кеше, дүйсенбі, 9 ақпан күні Тегеранда Иранда тұратын шет мемлекеттер елшілерінің қатысуымен өткен Иран Ислам Республикасының Ұлттық күнін мерекелеу рәсімінде сөйлеген сөзінде айтты.
Президент Пезешкиан Ислам революциясының даңқты жеңісінің жылдығы Иран тарихындағы бірегей тарихи сәт екенін атап айтып: “9 ақпан Ирандағы діни демократияның жаңа дәуірінің басталуын білдіреді. Бүгін біз Ислам революциясы жеңісінің 47-ші жылдығын сіздермен бірге атап өтіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Мен елімнің барлық сабырлы да батыл азаматтарына Ислам революциясының даңқты жеңісінен кейінгі кезеңдегі ерліктері, жанқиярлықтары, қолдаулары мен төзімділіктері үшін құрмет білдіремін. Олардың алдында басымды иемін.
Ислам революциясы Иранның жаңа тарихындағы ең ұлы оқиғалардың бірі болып табылады. Ол ұлттық егемендік аясында халықтың саяси тәуелсіздігі мен өзін-өзі анықтау құқығын қамтамасыз ете алды”, — деді.
Сондай-ақ, Президент Пезешкиан Иранның соңғы онжылдықтарда даму жолында үлкен қадам жасағанын және түрлі салада өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жеткенін баса айтты.
Масуд Пезешкиан шет мемлекеттер қолдаған Ирандағы соңғы бейберекеттіктерге тоқталып, лаңкестердің Ирандағы экономикалық мәселелерден туындаған бейбіт наразылықтарды өз мүдделеріне пайдаланғанын атап айтты. 1979 жылдың 9 ақпанында Иранда шах режимі құлап, Иран Ислам Республикасы жарияланды.



















