Иран Президенті Масуд Пезешкиан елінің ядролық жетістіктерінен бас тартпайтынын, оларды саудаға салмайтынын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Масуд Пезешкиан кеше, сәрсенбі күні ядролық технологияның ұлттық күніне орай өткен шарада сөйлеген сөзінде ядролық салада қызмет етіп, қаза тапқандарды еске алып: “Көшбасшы біздің атом бомбасын жасауға ұмтылмайтынымызды тағы қайталады.
«Иран атом бомбасын жасағысы келеді» дейтіндер бар. Алайда, біздің ядролық қару жасауға ұмтылмайтынымызды ресми әрі ашық түрде жариялаған Ислам революциясының жетекшісінен артық саясатты кім анықтай алады?
Сіздер жүз рет тексердіңіздер, тағы мың рет тексеріңіздер. Бірақ бізге барлық салада ядролық ғылым, атом энергиясы қажет екенін біліңіздер. Олар бізді қорлағысы келеді, бірақ біз қорланбаймыз.
Біз соғысқа ұмтылмаймыз, бірақ кез келген басқыншылыққа қарсы қолда бар ғылым мен қабілетті пайдалана отырып, табанды қарсылық көрсетеміз. Олар неғұрлым көп соққы берген сайын, біз соғұрлым күшейе түсеміз. Олар неғұрлым көп қауіп төндірсе, соғұрлым берік боламыз. Біз басқыншы емеспіз және ешкімге шабуыл жасамаймыз.
Діни жетекші біздің келіссөздерге дайын екенімізді айтты. Бірақ тікелей келіссөзге емес, себебі біз оларға сенбейміз. Бір жағынан біздің барлық мүмкіндігімізге қарсы санкция салып, артынан “Сөйлесейік. Диалогта сіздер мұны қабылдауларыңыз керек” деп айтуға болмайды.
Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалаймыз. Біз диалогқа дайынбыз. Абыроймен және мақтанышпен. Біз жетістіктерімізден бас тартпаймыз, оларды саудаға салмаймыз. Біз ойлауға және жаңашылдыққа қол жеткізіп, шығармашыл болуға кедергі келтіруге ешқашан жол бермейміз”,- деді.
















