Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Амал күнімен құттықтап, амандық білісуді көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз деп атады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Наурыздың бастауы – Амал күнімен құттықтады.
Сіздерді әз-Наурыздың бастауы – Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз.
Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның Адал азамат тұжырымдамасымен толық үндеседі.
Бүгінде Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастады. Осы бірегей дәстүріміз еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп сенемін.
Әр шаңырақ шаттық пен қуанышқа кенелсін!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Айдан аман, жылдан есен болайық!
Айта кетейік, Қазақстан халқы наурыздың он төртін Амал мерекесі — Көрісу мерекесі деп атап, таң ата салысымен туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран бір-бірінің үйіне барып, қол алысып, төс қағысып, қыстан аман-есен шыққандарына қуаныш білдіріп, мәре-сәре болып амандасады. Сонымен қатар жастар үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіреді.















