Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар астанасы Доха қаласында сөйлеген сөзінде Қазақстанның «Талибан» қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен алып тастауының себебін айтты.
Ақорданың хабарлауынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, қазіргі жаһандық және өңірлік күн тәртібіне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді.
Президенттің пайымдауынша, Қатармен көпжақты серіктестіктің орнықты дамуы өңірдегі, әсіресе, Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты.
«Қазақстан БҰҰ арналары және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы Ауғанстанға көмек көрсетіп келеді. Аталған елмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан «Талибан» қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен алып тастады. Бұл қадам, сондай-ақ еліміздің Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы Ауғанстанның әлемдік қоғамдастыққа қосылуына септігін тигізеді деп санаймыз. Сонымен қатар бұл ауған халқына гуманитарлық қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев – Консультативтік Кеңестің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті.
Еске салайық, 2023 жылы желтоқсанның 29 күні Қазақстан «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің айтуы бойынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті саналатын қарарларына сәйкес, «Талибан» қозғалысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдардың тізіміне енбеген. Қазақстан БҰҰ тәжірибесіне сәйкес, «Талибан» қозғалысын одан шығару туралы шешім қабылдады.
















