Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевты қабылдады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша 2025 жылғы 10 қаңтарда Президент Қырғызстан Сыртқы істер ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, берік достық пен тату көршілік байланыстарға арқа сүйеген қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық сипатында қарқынды әрі дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.
Жээнбек Кулубаев Мемлекет басшысына екі елдің сыртқы істер ведомствосы басшыларының арасында өткен келіссөздердің нәтижесі мен екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша бірлесе атқаратын жұмыстың негізгі бағыттары жөнінде мәлімет берді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты арттыруға, көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға, өзара инвестициялар және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі жандандыруға айрықша мән берілді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев бүгін, қаңтардың оны күні Қазақстан Республикасына екікүндік ресми сапармен келді.
















