Ресей президенті Владимир Путин Иранның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануға құқығы бар деп есептейтітін және қажет қолдауды көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Владимир Путин бұл туралы «Sky News Arabia» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатта айтты.
Иран мәселесіне тоқталған Ресей Президенті Мәскеудің Иранның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығын қолдайтынын және Ресейдің бұл салада қажет көмекті көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Путин: «Біз Иранның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануға құқығы бар деп есептейміз және қажет қолдауды көрсетуге дайынбыз», — деп баса айтты. Ол Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз үдерісіне сілтеме жасап, келісімге келуге болатын немесе келу керек болатын кейбір егжей-тегжейлі тұстардың бар екендігіне тоқталды.
Путин Тегеран мен Тель-Авив арасындағы қазіргі шиеленіске байланысты екі тарапты да икемділік танытуға шақырып: «Иран тарапынан да, Израиль тарапынан да келіссөздерде икемділік танытылуы керек. Бұл мәселенің шешімін табудың амалдары мен жолдары бар», — деді.
Путин Иранның ядролық қаруға ие болуға ұмтылмайтынын бірнеше рет мәлімдегенін алға тартып: «Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі Иранның бұл қаруға ие екенін немесе оған ұмтылып жатқанын көрсететін ешқандай айғақ тапқан жоқ», — деді.
Ресей президенті Мәскеудің әлемнің ешбір нүктесінде жаппай қырып-жоятын қарудың таралуын құптамайтынын қайталап, Иран жетекшісінің ядролық қаруды қолдануға тыйым салатын пәтуа шығарғанын, бұл өте маңызды және ескерілуі тиіс қадам екенін айтты.
Путин сөзінің соңында Мәскеудің Израиль басшылығына Иранның ядролық қару алуға ұмтылмайтынын бірнеше рет жеткізгенін мәлімдеп, аймақтағы қауіптерді сейілту мен ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін диалогтың маңыздылығын тағы қуаттады.













