Ресей Президенті Владимир Путин Кремльде Иранның рухани жетекшісі Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Лариджаниді қабылдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Кездесуде тараптар Таяу Шығыстағы жағдай мен Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін талқылады.
Дмитрий Песков: “Президент Владимир Путин Кремльде Иран Ислам Республикасының рухани жетекшісі Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Лариджаниді қабылдады.
Лариджани Әли Хаменеидің тапсырмасы бойынша Таяу Шығыстағы және Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі шиеленіскен жағдайға баға берді”,- деді.
Ресей Президенті Владимир Путин Әли Лариджанимен кездесу барысында аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелерді саяси жолмен реттеуге бағытталған елінің ұстанымын мәлімдеді.
Кремльдің хабарлауынша, кездесу 20 шілде күні өтті.
Айта кетейік, кеше, 20 шілде күні Еуропалық үштіктің (Ұлыбритания, Франция және Германия) Иранмен ядролық бағдарлама бойынша келіссөзді қайта бастауға келіскені белгілі болды.
Алайда алдағы келіссөздің орны мен мерзімі әлі де талқылануда.
Бұған дейін Еуропалық үштік жаңа ядролық келісімге қол жеткізілмесе, жаздың соңына дейін Иранға қарсы халықаралық санкцияларды қалпына келтіретіндіктерін айтып, қорқытты.


















