Ресей Президенті Владимир Путин Мәскеу облысындағы мектепте қаза тапқан тәжікстандық оқушы Кобилджон Алиевтің өліміне кінәлілер жазаланатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Владимир Путин Санкт-Петербургте Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесуі барысында айтты.
Президент Путин кездесуде осыдан бірнеше күн бұрын қаза тапқан тәжікстандық баланың отбасына және Тәжікстан Президентіне көңіл айтты.
Путин балаларға қарсы лаңкестік әрекеттер жасау өте ауыр қылмыс екенін айтып: “Балаларға қарсы лаңкестік әрекеттер жасау ерекше ауыр қылмыс болып табылады. Тәжікстандық баланың өліміне қатысты тергеу соңына дейін жеткізіліп, кінәлілер сөзсіз толық жазаланады. Тағы да қайталаймын, бұл қылмыс мені таң қалдырды”, — деді.
Ресей Президенті сондай-ақ, мұндай қылмыстар ақылға сыймайтынын баса айтып: “Жоғарыда айтқанымдай, мұндай сипаттағы қылмыстар түсінік шегінен шығады. Әсіресе, балаларға қарсы жасалған болса”,-деді.
Путин сөзінің соңында қаза тапқан баланың отбасына көңіл айтуды өтінді.
Айта кетейік, 10 жастағы тәжікстандық бала Кобилджон Алиев 16 желтоқсанда 15 жастағы жасөспірімнің қолынан қаза тапты. Баланың мәйіті 18 желтоқсан күні таңертең Тәжікстанға жеткізіліп, туған жері Шахринав ауданында жерленді.


















