Ресей Федерациясы президентінің Сирияны реттеу жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев Иранның соққысы Израильдің есін жидырады деген үміт білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Тегеранға ресми сапармен барған Ресей Федерациясы президентінің Сирияны реттеу жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Акбар Ахмадианмен кездесуінде мәлімдеді.
Кездесу барысында өңірдегі соңғы оқиғалар мен екіжақты қарым-қатынас талқыланды. Сонымен қатар сұхбаттасушылар Батыс Азиядағы соңғы оқиғаларға, соның ішінде Ливан мен Газа секторындағы дағдарыстарды шешуге баса назар аударды. Путиннің арнайы өкілі Израильдің көптеген «қызыл сызықтан» өткенін айтты.
Александр Лаврентьев Израильдің Ливандағы Хезболла қозғалысының Бас хатшысы Хасан Насралланы және Хамас ұйымының жетекшісі Исмаил Ханияны өлтірудегі әрекеттеріне тоқталып, Иран Ислам Республикасының Израильге соққысы сионистік режимнің есін жидыртады деген үміт білдірді.
Еске сала кетейік, Иран қазанның бірі күні кешке Израильге әуеден шабуыл жасап, сионистік режим аумағына 200-ге жуық баллистикалық зымыран атты. Иран билігі Израильдің тек әскери нысандарына оқ жаудырғанын, кең ауқымды соғысты қаламайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Тегеран Израиль кек қайтарған жағдайда ауқымды шабуылмен жауап беретінін де ескертті.



















