Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Астанадағы елшілігінде болып, Ибраһим Раиси мен делегация мүшелерінің қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Астанадағы елшілігінде болып, Ибраһим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің тікұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты бауырлас Иран халқына көңіл айтып, қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы Иран Ислам Республикасының елшілігінде көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
«Иран Ислам Республикасының Президенті Ибраһим Раиси және Үкімет делегациясы мүшелерінің кенеттен қайтыс болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Өз ұлтының ұлы перзенті Ибраһим Раиси – Отанына адал қызмет еткен көрнекті тұлға.
Ол екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқан дана басшы, беделді саясаткер және көрнекті қайраткер ретінде біздің жадымызда мәңгі қалады. Қазақстан халқының атынан және өз атымнан бауырлас Иран халқына көңіл айтамын», — деп жазды Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізіп, онда ұйымның қазіргі төрағасы Қазақстанның, сондай-ақ өз атынан қайғылы жағдайда қайтыс болған Ибраһим Раиси мен Сыртқы істер министрінің қазасына байланысты Иран халқы мен басшылығына көңіл айтты.



















