Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоға жасалған қастандықты қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицоға жасалған бұл лаңкестік әрекетті қатаң айыптайтынын және мұны еш ақтауға болмайтынын мәлімдеді.
«Қазақстан мен Словакияны ұзақ жылғы берік достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қарым-қатынастар байланыстырады. Бұл игілікті істе Премьер-министр Роберт Фицоның атқарған еңбегі зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицоның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді», делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
Кеше, 15 мамыр күні Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоға Гандлов қаласында үкіметтің көшпелі отырысынан кейін халық алдына шыққан сәтінде қастандық жасалды. Қауіпсіздік қызметкерлері кеуде және іш қуысынан екі жарақат алған Словакия Премьер-министрін шұғыл түрде ауруханаға жеткізген.
Роберт Фицоға қастандық жасаған күдікті оқиға орнында ұсталды.




















