Қатар Тегеранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дағдарысты шешуде АҚШ пен Иран арасында делдал болуға дайын.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджид әл-Ансари мәлімдеді.
Маджид әл-Ансари Fox News телеарнасына берген сұхбатында: “Бұрын біз мұны делдалдық және келіссөздер арқылы жасадық. Трамптың бірінші президенттігі кезінде де біз Иранмен келісімге келу үшін әкімшілікпен жұмыс істедік”, -деді.
Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі қазіргі уақытта Қатардың бір мезгілде 10 арағайындық процесіне, соның ішінде ХАМАС пен Израиль арасындағы бітімгершілікке келу процесіне қатысып жатқанын айтып: “Біз бұл мәселеде АҚШ-қа көмектесе аламыз деп үміттенеміз”,- деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Дональд Трамп жуырда Иранға барынша қысымды қалпына келтіру туралы жарлыққа қол қойды. Аталмыш құжат Вашингтонның Иран мұнайының экспортын азайтуға бағытталған күш-жігерін күшейтуге шақырады.
Алайда, Трамп Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесуді жоққа шығармайды.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Трамптың Тегеран ядролық арсенал жасап жатыр деген қорқынышын негізсіз деп атап, Иранның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа берік екенін айтты.
Арақчи Иранның жоғары басшысы аятолла Әли Хаменеидің ядролық қару жасауға тыйым салатын діни пәтуасы бар екенін қайталады. Иран СІМ басшысы Тегеранға барынша қысым көрсетудің кезекті әрекеті бұрынғылары сияқты сәтсіз болатынын баса айтты.

















